Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева – аңызға айналған тұлға. Ол алғашқы әйелдердің бірі болып тракторды тізгіндеп, ер азаматтардың өзіне оңай тимеген жұмыспен – жер жыртып, бидай орумен айналысып, 32 жасында Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Алыстағы Қазақстанның бір ауылының Жоғарғы Кеңес депутаты болып келген келіншек, топты жарып, Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде тағайындалды. Биік дәрежелерде әйелдер мәселесін көтеріп, қоғамдық қана емес, мемлекеттік қызмет атқарды. Міне, осындай ірі тұлғаның есімі 4 қыркүйекте Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың шешімімен № 2 Ұзынкөл жалпы білім беретін мектебіне берілді. Бұл тарихи оқиғаға байланысты аудан әкімі Марат Кенжебекұлы Жұмабаевтың ұсынысымен қарашаның 1-де білім ордасының қара шаңырағы астында үлкен салтанатты жиын болып өтті. Іс-шара басталмас бұрын К. Дөненбаеваға арналған мұражайдың тұсаукесері болып өтті. Кәмшат Дөненбаеваға арналған ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Құттықтау сөзбен конференцияны Марат Кенжебекұлы ашты. Ауданымыздың өмірінде болып жатқан оң өзгерістерге тоқталып өтіп, ең басты мәселелер – жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу мен адалдық жолында бірігіп қызмет ету керектігін атап өтті. Аудан орталығындағы мемлекеттік тілде оқытатын мектептің Кәмшат Дөненбаеваның есімін иеленудің маңыздылығына да ерекше тоқталды. Себебі Кәмшат Байғазықызының жеке тұлғасы жеткіншектер үшін патриоттықтың, еңбекқорлықтың, адалдық пен жауапкершіліктің оң үлгісі бола алады. Кәмшат есімін иелену – қиын емес, қиын – оның есіміне лайық болу. Сондықтан мектеп ұжымы, білімалушылар алдында жауапкершілігі мол іс орын алды – міне, осы идеялар барлық дерлік Кәмшат жайында естеліктерімен бөліскен азаматтардың сөздерінің лейтмотивы болды десе артық болмас.